Өлеңдер ✍️

  26.07.2022
  75


Автор: Медет Дүйсенов

МАҢҒЫСТАУЫМ

Маңғыстау – Бабам, дедім, Анам менің,
Қуатым бойымдағы, алар демім.
Кеудеме күй құймасаң,
жыр көгінде
Жарқылдап жай отындай жанар ма едім!?
Маңғыстау – әрі көркем, аңыз өлкем,
Көтерген жасампаздық әні желкен!
Жұлдызым сөнбей тұрып көрсем деймін,
Жұмаққа айналғанын нағыз ертең.
Мұнайың – қан тамырын, тулап ағып,
Шырайың алғандай-ау нұрға малып.
Ғажабын, азабын да сан ғасырдың,
Көтеріп иығына тұрған Алып.
Жауынан тайсалмаған Батыр да – Сен,
Алдына жан салмаған Ақын да – Сен.
Жазылған маңдайыңа маздау ғана,
Естілмес ешқашан да атың бәсең.
Мекенім қасиетті, кие қонған,
Жебей гөр, жаңылыссам, сүйе жолдан.
Асылым, айдай ару аймағыңа,
Мен қандай бақыттымын ие болған!
Зымыран – жебе, кірмей сауырыңа,
Аман жет, дәуірлердің ауылына!
Сұғына жат көздердің түспесін деп,
Басамын байтағымды бауырыма.
Адымдап бір келеміз, алға асыға,
Сен мәңгі! Мен құлармын жамбасыңа...
Қақым жоқ, сенде туып, сенде өскесін,
Қаһарман бір ұлың боп қалмасыма.
Самғай бер, салтанатты құрып, далам,
Өзіңнен, шағым бар ма, сыр ұқпаған?!
Өлсем де, еңсеңді мен аласартпай,
Төсіңде төбең болып тұрып қалам!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу