Өлеңдер ✍️

  26.07.2022
  66


Автор: Медет Дүйсенов

БЕЙУАҚТА

Тағы да түн басталмақшы қараңғы,
Әдетінен қашаңғыша айрылмай.
Мазалады шуақ шашып санамды,
Кеткен Көктем емес пе бұл, қайрылмай?!
Сартап болған сағыныштан сыр ұғып,
Баурап алған сезім еді бұл мені.
Көз алдымда таныс бейне тіріліп,
Қоламтада қалған шоқты үрледі...
Көрші үйден көрінетін елік-қыз,
Дүниеге сүттей ұйып сеніппіз.
Әнді бірге әуелетіп келіппіз...
Мәңгі бірге жүрсек екен дедік біз!
Аулымыздың көк шалғынды қырында,
Қоштасып ек, тербеп сезім толқыны.
Әжең сенің тағып берген бұрымға
Құлағымда тұр-ау әлі шолпы үні.
Көшіп кеткен сіздің үйдің жұртында,
Сезілетін бір жылылық жатқандай.
Сол сәттерде балдай шырын сыр тұр ма,
Бала шағым – аяулы қыз, ақ маңдай?!
Кім біліпті, қайтер едік көргенде,
Тағдыр бірақ кездесуге жазбаған.
Мәңгілікке мына менің кеудемде,
Тек махаббат оты қалды маздаған.
Көңілімде болса егер сәл кетік –
Күрсінгенім, өзіңді ойлап жаны ізгі.
Жылдар өте шығыпты ғой жалт етіп,
Шолтаң еткен шолпыларың тәрізді...
...Ұясына кіріпті күн байқатпай,
Көкжиекте соңғы шапақ, нұр ұшып.
Мен отырмын, қайран жүрек жай таппай,
Көкіректе, бала-мұңым бүрісіп...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу