Өлеңдер ✍️

  26.07.2022
  68


Автор: Медет Дүйсенов

БҰЛЫҢ ДА БҰЛЫҢ ІЗ КЕСІП...

Қанатын дауыл қайырған,
Күндер де өтті – қалбағай.
Қоқысты кешті, қайтесің,
Қонатын жерін таңдамай.
Құбылып оттай, жанарда,
Билеген, мынау жалған-ай...
Шарладым, өмір-сонарда,
Киініп алып қандағай.
Жауабын күткен сан сұрақ,
Санамды сорды сүліктей.
Ізгілік ізін жалғауға,
Ұмтылған ділді ірікпей.
Қиянды кезді қиялым,
Қарыштай шапқан күліктей.
Бытырап жүрген ой-бөкен,
Бастарын қосып біріккей!
Талабын берсін тәңірім,
Кім ашар дейсің бізге есік.
Ұйқыдан оян, бауырым,
Үйкүшік болмай, түзге шық!
Буалдыр сағым ішінен,
Бұлың да, бұлың із кесіп.
Жапанда тылсым жұмбаққа,
Қалармыз бәлкім жүздесіп...
Қайран да қазақ жұртымның,
Бақыты еді – арманым.
Ақыл айтады ақымақ,
Ақшаға кептеп аңғарын.
Тоқсан үйлі тобырдың,
Тоқтыдай баққан жандарын.
Қайдасың, айтшы, бұл күнде,
Қарақасқа атты Қамбарым?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу