Өлеңдер ✍️

  26.07.2022
  77


Автор: Медет Дүйсенов

НЕСІБЕ

Басың бейне құмырсқа илеуі,
Сапырылысқан онда сансыз ойларың.
Келмей жатыр қысқа жіптің күрмеуі,
Ойлан, ойлан.., ал басқаның қой бәрін!
Соныменен... Не қылмақсың, батырым?!
Жауырынға да оңай емес жүк таппақ.
Желге ұшып кетпеуі үшін шатырың,
Қазығыңды алдыменен, мықтап қақ!
Сүріндіріп кетпесінші сан айла,
Аран жоқ па, алды-артыңды абайла.
Үлгеруің керек сенің талайға,
Күн көруің керек сенің қалайда!
Қолданудан шығып қалды нән қасық,
Қой торысы жауыр болды тұрмыстың.
Жүретұғын мігір таппай дән тасып,
Құмырсқа сияқты сен тырмыстың.
Жаның жасып, жабырқама жұт келмей,
Шошымашы, құр нарықтың сесінен.
Туған төлдің маңдайына біткендей,
Бар шығар-ау, сенің де бір несібең!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу