Өлеңдер ✍️

  26.07.2022
  82


Автор: Медет Дүйсенов

СОЛ БІР ЖАН...

Ауыз салар аңдаусыз, ақырыннан,
Тартқылаған төбеттей тақымыңнан.
Тақалатын, тырнағын ішке бүгіп,
Сақта құдай, опасыз жақыныңнан.
Сырласатын сол бір жан досым еді,
Қамшы салмай ол-дағы көсіледі.
Қақпан құрды жолыма күліп жүріп,
Қыл бұрау сап қинайды, осы мені.
Серік болған, сап етіп сайтандайын,
Аярлығын қайтерсің, айта алмайым.
Иыққа емес, жүрекке түскен жүктен,
Қара нардай өрдегі, қайқаңдайым.
Ескі күндер ойымның елегінде,
Естен шықты бұрынғы, деме, мүлде.
Осындайдан шығарып айтты-ау бабам
«Қалған көңіл – шыққан жан» дегенін де.
Басқа түскен өмірде, бұл да сындай,
Іреніштің жаңбыры жүр басылмай.
Ту сыртымнан тасалап тас атқаннан,
Жақсы еді ғой шапқан жау түр жасырмай!
Қандай ғана тапты екен кінә меннен,
«Қырық қабат қыртысын» ұға бермен.
Аңғал басым: «досыма» қарап тұрмын,
Албастыға айналып шыға келген...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу