Өлеңдер ✍️

  26.07.2022
  92


Автор: Медет Дүйсенов

ЖЫР-ТАҒДЫР

Алқа топта арқа қозып тұратын,
Өмірінің өлең еткен мұратын.
Тастүлектей, сонау Таушық жерінен
Шықты дейді Түмен деген бір ақын.
Мықты дейді сөзі қаққан шегедей,
Жарып қалды ақыны жоқ Жеменей.
Деген сөздер жетсе-дағы дүбірлеп,
Балтабас шал жүре берді елемей.
«Тақ-тақ болу кедейіңнің қай теңі,
Түбі соның тақ-тұқ болар әй, тегі –
Депті бір күн баласына Балтабас,
-Сөз айтуды қойсаң балам қайтеді?!»
Түменіңнің жері жоқ-ты тосылған,
Тізе бүкпес дұшпаныңнан, досыңнан.
Албырт жүрек-асау тұлпардың басы,
Бұғалыққа бодан болды тосыннан.
Айтар біреу ақылдымсып, десі өрлеп,
Әке сөзін тыңдамаған есер деп.
Уа, халқым, сөкпе мені, жүректен,
Жыр жаңбыры жаумайды енді нөсерлеп.
-Қинадың-ау, әке, мені қинадың,
Ал ендеше жауабымды тыңдағын.
Асқар таудай әкем болғаның үшін,
Қиып кетем өлең-жырдың гүл бағын.
Деді Түмен іркіп шабыт-дертін де,
Су сепкендей басып өлең өртін де.
Күйбең тірлік күймесіне жегіліп,
Тұрды ақын айнымастан сертінде.
Жырлар кетті жазылмаған қаншама,
Жылдар өтті барын сыйлап баршаға.
Жұмақ болып біреулерге сар дала,
Сұрақ болып біреулерге сан-сала...
...Қыр басында қария тұр, көзде-мұң,
Өзін емес, қамын ойлап өзгенің.
Ақ селеудей ақ сақалын тарамдап,
Күбірлейді іштей ғана сөздерін:
«Жан кеудеден ұшпағасын жүрмін де,
Түмен емес, тұлыппын ғой құр сүлде.
Жарығым-ай, Сайыным-ай сен кетіп,
Шамшырағым сөніп қалды бір күнде.
Жыр жазбадым, жазбағаным не керек,
Тас төбемнен тағдыр ұрды төбелеп.
Шыр айналдым тіршілікте, сияқты
Қанаттары отқа күйген көбелек.
Сайынжан-ау, жайым бар-ау сорлаған,
Нем қалды енді менің тақ-тұқ болмаған?!
Кім ашады көңілімнің түндігін,
Көрінбей тұр жырдан өзге жол маған.
Жүрегімді жаям нұр ғып жеріме,
Тілегімді айтам туған еліме.
Мұңлы аққудай дара жүзген айдында,
Кешір әке, қайта қонам көліме.
Қайта оралам, қауышамын жырыммен,
Жыр-періште, сүйе ақынды сүрінген!..
Алпыс жасым болма оралғы аяққа,
Қадам басам қайта өмірге, бүгін мен!..»
Осылайша ақын тұрды толғанып,
Қыр үстінде қырандайын қомданып.
Жыр көгінде жарқ етті бір найзағай,
Жыр дауылы көтерілді долданып...
Дәуір үнін жалғастырған дәстүрлей,
Қайғы-мұңға кісен салып, басты имей.
Алпысында ақтарылған әулием –
Арнасынан асып кеткен Каспийдей!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу