Өлеңдер ✍️

  26.07.2022
  100


Автор: Медет Дүйсенов

Қап-қара, түн – шәлісін...

Қап-қара, түн – шәлісін,
бүркеніп алған аспан.
Көңілдің бұл шағы үшін –
Керегі, жанға басқа ән.
Жатамын, түйінделген
Тарқатып мұң тарамын.
Қиялға, күйімде ерген,
Көрпемді қымтанамын.
Шыбын жан шым батады
ұйқының ұйығына.
Періште тіл қатады,
қол салып иығыма:
- «Білемін, тілерің не?..
Амал бар, хаққа нешік!?
Жүреді жүрегінде
сағыныш аптабы есіп.
Қимайсың, мұнша алаңың:
ата-ана, бауырларды.
Жарқырап тұрса да күн,
артында жауын бар-ды...»-
Деді де, қанатына
ұшыпты мінгестіріп.
Өлілер қабатына,
Қайтқалы тілдестіріп.
Келеді құшақ жайып,
жанымдай жақындарым.
Болды түс бірақ ғайып,
Құлақта: шақырған үн...
...Оятты, күрт үрейлі үн,
билеп жат сезім мені.
Жасымды сүрткілеймін,
Іркілген көзімдегі.
Түскен нұр түндігімнен,
тірлікті ұқтырғызып.
Боздаған шындық-інген,
алады тік тұрғызып.
Көңілім, бүгін менің –
секілді сынық әйнек.
Тек іштей күбірлеймін:
«Алдамшы дүние-ай!...» деп




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу