Өлеңдер ✍️

  26.07.2022
  94


Автор: Медет Дүйсенов

КӨЗІЛДІРІК

Жұматай Жақыпбаевқа
Күлетінсің жымиып миығыңнан,
Келетінсің сен менің иығымнан.
Бойың қысқа болса да, ойың нұсқа,
Мына өмірден өзгеше күй ұғынған.
Жыр оқыдық, шертілді көбі сырдың,
Көзілдірікті алдың да, бері ысырдың.
«Маңғыстауға мен болып бір қарашы,
Ауыстырып киейік» деп ұсындың.
Киіп алдым, менікі сенде кетті,
Көңіл тойды, осы ғой ең керекті.
Қаншама біз кездестік... қас-қағым сәт:
Қимастығын достықтың кеудеге екті.
Уыз сезім жататын теренде ұйып,
Өрен едің оты бар, өрең биік.
Жүрегіңнен өмірдің жайлауына,
Шығушы еді ойнақтап өлең-киік.
Көзілдірік сен берген сынып қалды,
Өкінішті ой мазалап шырықты алды.
Көзілдірік жоқ енді, көзім тігіп,
Сен боп қарай алмаймын тұнық танды.
Көзілдірік емес ол, көзіндей-ді,
Бармақ тістеп бейқамдық безілдейді.
Сен жүргендей әрдайым сезінуші ем,
Болмасаң да жанымда өзің мейлі.
Жоқсың қазір, жіп-тірлік кілт үзілген,
Жүрегімде мұңымның бұлты жүзген.
Жарқырайды шырқауда жыр-жұлдызың,
Інжу терер кейінгі жұрт ізіңнен.
Кейде ойым дөңбекшіп көз ілмейді,
Ол өлген жоқ, тірідей сезін дейді.
Толғанамын, толқындай тыншымаған,
Көзілдірік емес ол, көзіндей-ді...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу