Өлеңдер ✍️

  26.07.2022
  63


Автор: Медет Дүйсенов

НЕ ЖЕТПЕЙДІ?..

Жүре бермей тірліктің кемесімен,
Не табамын дүние егесінен?
Қала алмаймын үн-түнсіз қалыбымда,
Алаңдаймын толғанып, неге осы мен?!
Тыныштықта болмысым еді бұрын,
Шақырғандай сұңқылдап мені бір үн.
Кейбіреудің жасаған қылмысынан,
Қашты үріккен киіктей – дегбірім.
Шырық бұзар, сенбестей небір адам,
Ұятсыздар шығады неге ұядан?!
Ұйытқып сезім, бөрідей ұлиды да,
Қиналамын, қаралай мен ұялам.
Тал бесігі – туған жер, бабаның да,
Табиғатты уыздай табамын ба?!
Мөлдірген мұң бар-ау, тұнжыраңқы,
Атамекен анамның жанарында.
Көксегендей боламын ғұрыпты өткен,
Сілейемін, соққандай ұрып беттен.
Маза бермей жарылыс, аруақтар,
Қабірінен сияқты тұрып кеткен.
Елендеумен жүремін, нанасың ба?!
Ұйқылы-ояу, өң мен түс арасында.
Шымшылайды санамды сан сұрақтар,
Ей, дүние жауабын табасын ба?!
Жалғыз қалған жапанда болам жандай,
Не жетпейді құсаға оранғандай.
Жаутандаймын жұртым-ау, жан-жағыма,
Жанға қымбат бір нәрсем жоғалғандай...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу