Өлеңдер ✍️

  26.07.2022
  73


Автор: Медет Дүйсенов

КӨКМОЙНАҚ

Отырған қария, оралмас күнін өтті ойлап,
Көкмойнақ үшін бастарын тіккен көп бейбақ...
Түсіне кірді... тізгінін жатқа ұстатпай,
Кісінеп жүрді, аспанға қарғып Көкмойнақ.
Жүрісі кербез, серіге біткен салдықтай,
Жұлдыздай ағар, шашаға ұшқан шаң жұқпай.
Аптап пен аяз айқара соқса алдырмас,
Тұяғы – құрыш, салыңқы сауыр – сандықтай.
Бала да болса, қызғыштай қорып құнанын,
Үкілеп бақты, мойнына тағып тұмарын.
Кім білді дейсің, тулаққа айналып тұлпары,
Топастықтың құрбаны болып кетерін.
Көкейді тесіп, көз жауын алған Көкмойнақ,
Құлашын жазып, салатын еді көкте ойнақ.
«Шашын ал десең, басын алатын» белсенді –
Қызылкөз бәле, қалайша оны тек қоймақ?!
«Жылқыны бермеу, жасыру – жаудың ісі»-деп,
Жетектеп кетті қарулы екі кісі кеп.
Қоштасқан жандай қайрылып тұрып жануар,
Қарады-ай бұған... күлдір де күлдір кісінеп.
Тулады қанша, арнаға симай ақ бұлақ,
Зулады қанша, Көкмойнақ - күндер шапқылап.
Жарқ ете түскен күн сынды бұлттың ішінен,
Шығары сөзсіз, сойы бір сондай ат, бірақ.
Көңілің өсер, көсіле шапса Көкмойнақ,
Көзмойнақ барда, шырмалып қалар кетпей бақ.
Қартыңның көрген қызығы көп қой, сонда да,
Сол атқа мініп шығатын сәтке жетпейді-ақ...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу