Өлеңдер ✍️

  26.07.2022
  53


Автор: Медет Дүйсенов

ҚИМАС КӨКТЕМ ҚОШТАСАР

Қимас көктем қоштасар да, келер күз,
Өмір-үйге келген қонақ екенбіз.
Талдан ұшқан жапырақтай қалықтап,
Ана-жердің құшағына жетерміз.
Шындық осы – ертелі-кеш кетерміз,
Бірақ, бірақ мұңаямыз бекер біз:
Жаман ба екен қалса бейнең жүректе,
Ей, дариға-ай, өмір де бір екен қыз...
Қатар тосқан көлеңкесін, күнгейін,
Ару әлем, сені қалай сүймейін?!
Жыр жазамын бақыт тілеп баршаға,
Дүниені шолады кеп дүрбі ойым.
Сан тынбаймын тірлік дәнін еккенше,
Жарқылдаймын диқан ұстар кетпенше.
Жауыздықты жоюға мен сермелем,
Қиып түсер наркескендей, кектенсе!
Осы менің өмірдегі мұратым,
Туған жерді аялаудан тұратын.
Жаса мәңгі, ақиқаттың ақ таңы
Күнім болып көкжиектен шығатын!
Төмен ұшпай, биік самға, бол қыран,
Жігіт болсаң, заманыңнан оздыр ән.
Не көресм де елімменен бір көріп,
Мен өлсем де, сенімменен көз жұмам!
Сайран күндер, бүршік атқан көп арман,
Бір қуантпай сапарымды доғарман.
...Қандай жақсы
Ұрпақты үнсіз қалдырмай,
Атлантида сияқтанып жоғалған!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу