Өлеңдер ✍️

  26.07.2022
  93


Автор: Медет Дүйсенов

АНА ҚАБІРІ БАСЫНДА

Аяулы ана, қабірің басындамын,
Қарсы алдың ба елжіреп асыл жаның?
Жайқалуда өсірген жасыл бағың,
Мауқыңды бас, мінеки, қасындамын.
Келген саған мұңдылау бір ән алып,
Шағынайын балаша тұра қалып.
Жанарымнан құлаған тамшы жастай
Барады әне жұлдыз да жылап ағып...
Не жетпейді маған бұл, не жетпейді?!
Балапаны жанымның безектейді.
Сағыныштың тасқыны кетеді алып,
Ұстасам да тізгінді тежеп мейлі.
Сені сұрап алармын қай тәңірден?!
Қош бол енді, жан ана, қайтамын мен.
Бар деймісің адамзат жер бетінде,
Қайта келіп өмірге, қайта күлген.
Топырақтан тән торқа жамылғасын,
Дарқан дала қойнында дамылдасын.
Қабір жаққа қараймын қайта-қайта,
Қимастықтың ұшырып қарлығашын..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу