Өлеңдер ✍️

  26.07.2022
  362


Автор: Медет Дүйсенов

БЕЙБАРЫС

Ғажайып түстей ғайып боп кекілді күнің,
Жол жатты алда, тарқаған секілді бұрым...
Жаңбыр астында жаураған жетім баладай,
Жүрек түбіне бүрісіп, бекінді мұңың.
Ышқына шығып, құлдықтан-тағылық көрден,
Бұғалық салдың жауыңа, қағынып келген.
Мысы құрыған Мысырдың өсті мерейі,
Мақсат тауына өрмелеп мамлюктермен.
Жалап жазатын көкжалдай, тұмшап жарасын,
Нарға жүк болар, жаныңның ұқсақ наласын.
Қайырсыз тақты тәрк қып, күрсіндің бе екен,
Көз алдыңа келтіріп қыпшақ даласын.
Ұшырған ұя қалар ма тербемей ұлды,
Қайырыла қарап тұрдың ба елге кейінгі.
Жетелегісі келгендей туған жер жаққа,
Жел тартқылап, жамылған желбегейіңді.
Жай отындай жарқ етіп кетті сан ісің,
Жауыздық жүзін осқылап кекті намысың.
Қанды қолдарды қаусата, қиядан қарғып,
Тарпа бас салдың, Тұрандық текті Барысым!
Көсемі болып, құлдардың – құны жоқтардың,
Өртін оранып өтіпсің, бүлік – оттардың.
Күнбағыстай игізіп жаудың кәлласын,
Құлы боп барып жат жұрттың,
ұлы боп қалдың!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу