Өлеңдер ✍️

  26.07.2022
  78


Автор: Медет Дүйсенов

ҚҰРҒАҚШЫЛЫҚ

Аңызақпен әдіптеп, шырмап шығып,
Кеңістікті кезеді құрғақшылық.
Қылдырықтай қолдарын көкке созып,
Айтқандай ма мінәжат тұрған шыбық?!
Шөл сөйлейді мезгілдің мінберінде,
Жұқ қалмапты бойында жүлгенің де.
Бүлік салған бетпақтан бас сауғалап,
Жәндік біткен қуыста, індерінде.
Шыға алмаған шегінен шақырымның,
Жалқау ғана жылжиды ақырын күн.
Сүйген желдің ып-ыстық демі шарпып,
Жарық-жарық еріні тақырыңның.
Нар түйедей құлаған құба құмы,
Буындырып аптаптың бұғалығы.
Көні кеуіп, тамшы су сұрағандай,
Құрғақ құмның құмығып шығады үні.
Құнысқан шөп, құрғақ қыр, құрғақ ауа,
Тарқап кеткен базары тұр науа да.
Жел соққанда суылдар ши секілді,
Сыпсыңдаған құрғақ сөз жүр далада.
Ажырап қап дүние жарасымнан,
Айналаға қарасаң жан ашынған.
Бір жұтым су шыңдапты-ау тіршілікті,
Бір жұтым су қымбаттау бар асылдан!
Жауын күткен көңілді алаң етіп,
Жалайды кеп от тілі жалаң етіп.
Сәні кеткен, сұрықсыз шашын жимай,
Кердең-кердең қысыр бұлт барады өтіп...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу