Өлеңдер ✍️

  26.07.2022
  58


Автор: Медет Дүйсенов

АЙРАҚТЫ ТАУЫНДА

Кеудемді толқи соққан самалға ашып,
Алайын ата таумен амандасып.
Жүр едім сағыныштан мазам қашып,
Жүрегім алып-ұшқан саған ғашық.
Жетеді сұңғыла саз Айрақтыдан,
Кетеді көңілімде сайран бір ән.
Алдымнан андағайлап шыға келсе,
Тұлпарлар суреті айға атқыған.
Жан бітіп бейнелерге жартастағы,
Баһадүр кереметін ал бастады!..
Шайқасқалы келе ме, арбасқалы,
Сынық ай секілденіп алдаспаны.
Ал мынау аңшылар ғой жарақтанған,
Тізерлеп нысанасын қарап қалған.
Суылдап жауатындай сұр жебелер,
Шірене тартқан анау садақтардан.
Ежелгі заманалар құрдасының,
Қаншама иығында тұр ғасырың.
Сан-сала сұрау белгі сыр жасырын,
Мүйзіндей арқардың құлжасының.
Ерік бер сезіміңе, сыршыл кеуде,
Бұл тауды аузым бармас тілсіз деуге.
Ұқсай ма қуанғанға, күрсінгенге,
Жүрегі соғып тұр ғой,
дүрсілдеуде!
Қазақтың ақсақалды шалдарынан
Бұл тауға бір қасиет бар дарыған.
Өтсең, дос, Айрақтының аңғарынан,
Басыңды и, баба тауға, жалбарынам!
Сабылып сағым көшкен сар даладан,
Арманын қуа-қуа қалған адам...
Өздері жоқ болса да, өлмепті өнер
Тағдырын тас бетіне таңбалаған!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу