Өлеңдер ✍️

  26.07.2022
  73


Автор: Медет Дүйсенов

Суық ызғар еседі, күн қылаулап...

Суық ызғар еседі, күн қылаулап,
Тұнжыраңқы, көңілсіз тұр мынау бақ.
Ағаш екеш ағаш та сезе ме екен,
Түсетінін, әйтеуір, бір күні аунап?
Болды талай дауыл мен жел ермегі,
Бүршік жарып өскелі не көрмеді?
Қиындыққа бел талып, бүгілсе де,
Тамырына сенеді терендегі.
Тұр ағаштар өн бойын ақ қар басып,
Жапырағын жаятын шақтарға асық.
Көктер ме екен көктемнің құшағында,
Секілденіп бақытын тапқан ғашық?!
Желмен ойнап бұтақтар бұлқынады,
Осы шығар тірліктің, мүмкін, әні:
Бәрі, бәрі еңсесін тік көтеріп,
Көк аспанға қол созып ұмтылады!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу