Өлеңдер ✍️

  26.07.2022
  71


Автор: Медет Дүйсенов

ЖІГІТТІҢ КӨЗ ЖАСЫ

Бар ішінде жарық ойнап бозамық,
Түсіп тұрды жиналған топ жүзіне.
Түрекелді, бір жас жігіт сөз алып,
Сәл іркіліп, мұнды көзі сүзіле.
«О, достарым, қаралы ғой күн бүгін,
Жұмекен жоқ...
Жұмбақ ақын жоқ енді!
Жыр-отаудың жапты-дағы түндігін,
Жан асылын бізге беріп, жөнелді».-
Деп, солқылдап жылады-ай кеп, жылады,
Біреу күлді, біреу оны түсінді.
«Қошалақтан болар? – деді, тұрағы»,
Шаршы жігіт, шашы кірпі пішінді.
Және бірі... Жігіттен көз алмастан,
Бітірмекке ниеттеніп бұл істі.
Айдың күні аманында «алжасқан»,
Жолдасына қарап қойып ұрысты:
«Оймақтай да ми жоқ шығар осында,
Қиналғандай не көрінді, көкем-ау.
Нәжімеденов туысың ба, досың ба,
Ең болмаса таныс болсаң екен-ау!?
Осыншама жоқтайды деп ақынды,
Күтпегенмін дәл мұндайды өзіңнен.
Әкеңнің де сапарында ақырғы,
Бір тамшы жас шықпап еді көзіңнен»,-
Деген, сөзбен,
қоса кірді жүрекке,
Миықтағы кекесіннің қанжары.
Түк те өнбес, айтқанменен, құр, өкпе,
Қалжың-қақпан құрған құрдас, жан-жағы.
Ортаға сап өлең жайлы ойларын,
Жан жарасын жуады ол шараппен.
Жұмекен – жыр өлмейтінін ойладым,
Сол жігіттің көз жасына қарап мен...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу