Өлеңдер ✍️

  26.07.2022
  59


Автор: Медет Дүйсенов

СЫНҒАН ШҮЙШЕ

Кеше ғана қан майдан болып өткен,
Туған жердің жамылды жоны көктем.
Жалғыз үйміз, отырған жылқы бағып,
Қоңторғайлау кез еді, көні кепкен.
Ұстап, тірлік-тұлпардың тізгінінен,
Қуанышпен қауыштық, біз мұңымен.
Жадау жылға қиялмен жүздескелі,
Жадымдағы көмескі ізге үңілем.
Өндір кезім бұлақтай сылдыраған,
Қызарамын жасаған бір кінәдан.
Бала шақтың бейнесі қол бұлғайды,
Боз сағымның ішінде бұлдыраған.
...Асық ойнап, жүрмегем тыңдырып түк,
Қызығымен кешкірген күнді ұмытып.
«Әкең келді жылқыдан» деген шақта,
Атқа мініп қалуға, тұрдым ытқып.
Албырт күйге еріп мен, ала қашқан,
Лақтырдым асықты қарамастан.
Жалғыз шүйше үйдегі сынып қалды,
Қарамаудың соңында «қара басқан».
Ат та қалды жайына мінем деген,
Қалған сынды қайырлап жүзер кемем.
Жаққан сайын бояуын қараңғылық,
Қаша берді іңірде рең менен.
Сықырлауық ашылды, сықырлаған,
Құйрық баспай күдігім қыпылдаған.
Жайлап болып шаруасын әкем кірді,
Таяу қалды ақыры «тықыр» маған.
Шүйілді әкем айырмай ақ-қарасын:
«Әлі күнге шам неге жақпағансың!?»
Анам айтты: «Жарықсыз қалдық енді,
Еркелетіп, осы ғой қақпағасын...»
«Көргің келмес,-дегендей,-мені өңіңде»,
Бұғып қапты бүк түскен кенейім де.
Мазақтаған сияқты маздаған от,
Жерошақтың жылтылдап көмейінде.
Біле берсін ол кезде еркең нені!?
Уайымнан өзегім өртенгені...
Керегенің ілулі құлағында,
Қарай берем қамшыға төрт өрмелі.
Ұмытқандай, ал, әкем мені мүлде,
Қарап тұрды кейістік, кейібінде.
Орашолақ ойыннан опық жеген,
Кетердеймін, бар болса, еніп інге.
Сынып қалған шүйшеге алаңдамай,
Былай деді, бұрылып маған қарай:
«Қай кезде де асығыс іс қылмағын,
Байқамастан, жан-жақты бағамдамай».
Мұңайғаным жоғалды бұлттай маңып,
Көңіл-аспан тұр еді сұрқайланып.
Қорқыныштың қасқыры келіп қалған,
Жүре берді соқпастан сырт айналып.
Шыдамменен сабырды өрге сүйреп,
Кең пейілдің ашты да көмбесін кеп:
«Шөлмек мың күн сынбайды, бір күн сынар,
Жалғызымның жарығы сөнбесін!»-деп.
Бастан кешер сезімді сана небір,
Өткелектен өткізіп алады өмір...
Ұмытпайық, ағайын ұл-қызы бар,
Кешірімге ділгірін бала көңіл!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу