Өлеңдер ✍️

  26.07.2022
  66


Автор: Медет Дүйсенов

ҚАЙРАУ

Халің қалай, ауырған қарт арыстан,
Жағдайыңды сұраймын әр таныстан.
«Үңгіріңді» үрейдің ұясы ғып,
Жатқаның не, көз қадап қалтарыстан.
Айбыныңмен аларсың азығыңды,
Мына маған салсаң да азуыңды.
Күлгеніңді келтірем көз алдыма,
Оқыған соң осынау әзілімді.
Білем, білем... тағдырға өкпелісің,
Батпан жүгін басқа үйіп кеткені үшін.
Қомдайтын да күш керек қанатыңды,
Самғай бермес үнемі көкке құсың.
Елдің қамын шығармай бір де есінен,
Мұңын айтар мезгілдің мінбесінен.
Әй, досым-ай, әуелден ақындардың,
Жаны жарты боларын білмеуші ме ең?!
Жүргендерді жанында жайдары еткен,
Мен білетін Мырзатай қайда кеткен?!
Сұрқыңды алған ауруға сарқылмашы,
Ащыағардың суындай сайда кепкен.
Мазам қашты сені ойлап, неге менің?!
«Болаттай бол, болғанға» демек едім.
Өзегіңнен бұлқынған өлең селі,
Бұлағындай ағылсын «Өнеренің»
Жеңіліске орын жоқ, жүгінуге,
Сұрақ белгі сияқты бүгілуге.
Қашан да сен құрыштай қалпыңда қал,
Бола ма екен бортастай үгілуге.
Бақыттымыз, бүтінбіз, бақ та дара –
Жұрттың жоғы болмаған шақта ғана!
Айту үшін өз сөзін,
ақын қылып,
Бізді солай жаратқан хақ тағала!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу