Өлеңдер ✍️

  26.07.2022
  108


Автор: Медет Дүйсенов

ҚАРАҒИЯ

Замандасым, ғажапты қара мына,
Көз салдың ба түріне Қарағия?
Жаратылыс алып қып, жомарттықпен
Жасай салған сияқты далаға ұя.
Жанарыңда шуақты күледі күн,
Күбірлейсің ішіңнен жыр өрімін.
Көрінеді ол, алдыңнан айқара ашқан,
Құшағындай Маңғыстау түбегінің.
Топшыладық тереңді не түрлі біз,
Сәлем етіп еңкейді екіндіңіз.
Жеті қабат жер астын аралаған,
Шалқұйрықты Ер Төстік секілдіміз.
Тереңдікке ғашық боп өтермін мен,
Көкіректе құштарлық оты өрілген.
Жол бейне бір аумаған барометр,
Бозғылт такси сынаптай көтерілген.
Қалды астында табанның еңіс, міне,
Екен алтын зерендей келісті де.
Ақ мамықтай аспанның омырауын,
Құшқандайсың шыққанда жер үстіне.
Балқығандай шабыттың алауына,
Бұлбұл әуен бой кернеп барады ма?
Қазаншұңқыр емес бұл,
Қарағия –
Қара қобыз күй толған шанағына!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу