Өлеңдер ✍️

  26.07.2022
  106


Автор: Медет Дүйсенов

АЛТЫН КИІМДІ АДАМ

Қазған шақта Есіктегі қабірді,
Сыр ашылды, алып біткен сабырды.
Денесі емес, мамонт, динозаврдың,
Алтын адам... Алтын адам табылды!
Олжасына баға жетпес нарқы бар,
Археолог асып-сасып алқынар.
Алтын балық шоршып жатқан ауында
Балықшыдай, ертегіде айтылар.
Маңайдағы көптің көзі марқұмда,
Армансыз-ақ ораныпты-ау, алтынға!
Жанар отың өткір болсын жасындай,
Жалт-жұлт еткен қарау үшін жарқылға.
Тұла бойын аптапты алтын теңгелер,
Семсері тұр, сәтін күтіп сермелер.
Теңеу іздер жиналған жұрт таласып,
Таңғажайып тұлғасына тең келер.
Көне мұра құпиясы не дейді?
Не десе де, биіктетті мерейді.
Қорықпағын, қателесіп кетем деп,
Теңдесі жоқ Тутанхамон де мейлі.
Арта салып шешімді ойды ақылға,
Жайбарақат жұмбақ адам жатыр да.
Әлде... Бай ма, салтанатын асырған,
Қалтыратқан дұшпандарын батыр ма?!
Сырын шертер, сонау алыс шақтардың,
Тереңдерде тарих боп қапты әр күн.
«Өмір сүрген бұл бесінші ғасырда,
Жауынгері – дейді ғалым, - сақтардың».
Алтын жиып, сол болды ма ермегі...
Халық үшін қандай еді еңбегі?
Атанды ма «Алтын адам!» тіріде? –
Толғандырып, осы ой мені тербеді!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу