Өлеңдер ✍️

  26.07.2022
  100


Автор: Медет Дүйсенов

КҮТІП ЖҮРМІН АЯУЛЫМ!..

Көкірекке қондырған ерке күнді,
Қимас сезім толқындай тербетілді.
Ақ айдында сыланған ару құсым,
Көз алдымда жоғалттым келбетіңді.
Айтшы, неге көліңнен алыстадың?
Өзіңді іздеп, сызылтар қамыс та әнін.
Қанат қағуға үлгертпей, жапырақша,
Үйіріп алып кетті ме, алысқа ағын?
Сезім-толқын, жүректі сабалауда,
Сағынғандай сазыңды ана бау да...
Қалай ғана ұяңа қайрылмайсың,
Балапаның қалды ғой жағалауда...
Бөлек кетіп, бақытты бола алар ма ек,
Сенем: алда, жақсы күн қол алар кеп.
Күтіп жүрмін, аяулым, мен өзіңді,
Ақ қайраңды жағаға оралар деп!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу