Өлеңдер ✍️

  26.07.2022
  66


Автор: Медет Дүйсенов

ДҮБІРЛІ ДҮНИЕ

Шақырғанда қол бұлғап сырғалы үміт,
Сөз самғатам махаббат сырлары ғып.
Биіктікті өскен ем шыңнан ұғып,
Өлеңімді сомдаймын тұлғалы қып.
Өткізетін жауумен бар ғұмырын,
Туған жердің мен де бір жаңбырымын.
Сәуле шашқан шуақты шумақтарды,
Тарқатқанда алғанмын таң бұрымын.
Жайқалғанда бақтардай гүл-гүл жаным,
Ұя салып кетеді бұлбұлдағы үн.
Қонақтайды сезімнің шалғынына,
Мөлдіреген шық болып мұңды ырғағым.
Көктеп ойлар, құрақтай көкке өрілсе,
Бұдан асқан қуаныш жоқ, меніңше!
Ғашық әнім естілсе асығамын,
Асығамын, бұлақтай жеткенімше.
Табиғаттай мәңгілік көп тұратын,
Жыр мүсіндеу, жүр менің боп мұратым.
Дүниенің тынымсыз дүбірі тек, -
Жүрегімді тоқтаусыз соқтыратын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу