Өлеңдер ✍️

  26.07.2022
  67


Автор: Медет Дүйсенов

АҚ ТҮН

Жалтылдап жерде күміс қар,
Жалтыр мұз бейне хрусталь.
Ақ зерлі көйлек үстінде,
Толықсып ақ түн тыныстар.
Ұйқыда ауыл бағы нық,
Ақ шәйі көрпе жамылып.
Қар толы сайға қарасаң,
Жатқандай ақ сүт ағылып.
Ақ сапар тілеп жас жанға,
Темірқазық нұр шашқанда.
Қойған да дейсің белгі етіп,
Маяк қып, мұхит – аспанға.
Мүмкін бе қарау телмірмей,
Сезімнің шоғын берді үрлей.
Жараса қапты жарты ай да,
Ақша бет аспан ерніндей.
Қырандай жойқын түрге еніп,
Жүрекке толқын жыр келіп.
Толғанып тұрмын қиялмен,
Ай сүйген шыңды мінбе қып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу