Өлеңдер ✍️

  26.07.2022
  69


Автор: Медет Дүйсенов

ҮШ ТОРАҢҒЫ

Көргенді таң ғып, ғайыптан келіп тұрғандай,
Сүгірет еді, құдірет еді бұл қандай?!
Бір шыбық бітіп көрмеген шөлейт Үстіртте,
Үш тораңғы өскен, бойына бүккен сыр бардай...
...Шоқтығын биік көтере түсіп шоң дала,
Уайым жемес, кедеймін-ау деп Дөңқара.
Басқа біреуге қызының басы байлаулы,
Үмітін үзбей үздігетін-ді сонда да.
Аң қағып жүріп, жан бағып жүріп даладан,
Қаработасын сағынып назды салады ән.
Сұлу біткеннің ішінен, сәмбі талдай боп,
Толықсып өскен түрікмен қызын қалаған.
Босаса қолы тағат қып әсте тұрмайды,
Шөліркеп жаны шырынды шаққа сырнайлы.
Қарайған адам Қаработа боп көрініп,
Бозашы аулы алыстан қолын бұлғайды.
Шуағын төккен көктемдей ғажап күлгені,
Сүйіктісінің елестеп өтті нұрлы өңі.
Қиянға кетіп қалмаққа олар серттескен,
Тәуекел етіп тас жұтар бүгін күндері.
Желегін түннің жамылып қыз да келмекші,
Өткел тұсынан от жағып белгі бермекші.
Қапыда, әттең, қатыгез қолға тұтқын боп,
Аяулысына тор құрды, қастық-өрмекші.
Қос жүрек қанша талпынғанымен құлшынып,
Қалған-ды бірақ жастардың сырын тыңшы ұғып.
Қақпанын басты аранын ашқан ажалдың,
Кесіліп жолдар, кездесе алмады қырсығып.
Мазасыз теңіз бір ойдан кетті, бір ойға ап,
Құтырған дауыл бақсыдай салды жын ойнақ.
Гүрілдеп келіп соғылып жатқан дәу толқын,
Ауызын ашқан аждаһа сынды үрейлі-ақ.
Қайтпады кейін, жатпады ісін салмақтап,
Қайран тұлпары қасарысады алға аттап.
Жағалаудағы алдамшы оттың жылтылы,
Алып барады тұңғиық суға аулақтап.
Теңіздің суы тереңдей берді, тереңдей,
Еңсесін басты, жігіттің берік емендей.
Көрінбей кетті көміліп асау толқынға,
Соңғы рет қарап, «Қайдасың, қалқам?!» дегендей.
Күндер де өтті көрген бір түстей арада,
Жалғызын жоқтап зарлайды үйде жан ана.
Шаңқылдай ұшып, шарық ұрып жүрді шағала,
Дөңқарасының денесі шыққан жағада.
Тебіренгендей таулардың қара тасы да,
Атырау төсі аунақшып жатыр ашына.
Бауырына алып боз дала қойны боздағын,
Жиналып халық ескерткіш өрді басына.
Қаработаның жауыз күш күнін ұрлады,
Қуантпас оны, тұрса да қоршап гүл бағы.
Сыңарын іздеп сағымды қырда сабылған,
Жапанда жүрген жаралы елік бұл-дағы.
«Қызығың мәңгі суыған маған енді, өмір,
Жүрегім менің! Жарыма жеткіз, жерге кір...
Жатайық бірге Қозы мен Баян секілді,
Махаббат мәңгі екенін айтып елге бір».
Жаңбырлы жасқа жуылып жастық өмірі,
Осынау оқыс шешімге келді көңілі.
Қорымға тартты, қапастан қашып шықты да,
Қасиетті ісін орындар жандай ең ұлы.
Қуғынды көріп, қап-қара көзге мұң тұнды,
Қанішер топқа аянбай қарсы жұлқынды.
Жете алмай қалды ақыры арман-тілекке,
Қимасына ұшқан қарлығаш қанат қырқылды.
Өлтірді жаулар, сүйгендігің бе бар күнәң?!
Бауыздай салды, аса алмай дүлей салтынан.
Қып-қызыл қанды құныға жұтқан жерге осы,
Үш ағаш өсіп шығыпты дейді артынан.
Үш ағаш өскен...бірімен-бірі қолдасып,
Бейнесі ме екен жандардың сонау ол ғашық?
Ортада тұрған – құрсақта қалған сәби бұл,
Көбелек сынды жарыққа қанша болды асық?!
Тарих – ана, тәлімің қандай таң қылған,
Жадында елдің ғасырлар бойы жаңғырған.
Үстіртте өскен үш ағаш жайлы аңызын,
Ұрпақтарына бойтұмар етіп қалдырған.
Қарғысын айтып заманға зарлы, күні өткен,
Арманда кеткен мұңды жастықты жыр еткен.
Жерде емес мынау ағаштар, -
Махаббат болып, -
Жапырақ жайып, жарып шыққандай жүректен!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу