Өлеңдер ✍️

  26.07.2022
  174


Автор: Медет Дүйсенов

ШЕЖІРЕ ТУРАЛЫ СЫР

Бәйтеректей желге ұшқан желегі,
Кетеді адам,
тағы бірі келеді...
Сұхбатымыз шежіреге тіреліп,
Марқұм әкем сонда былай деп еді:
«Айтты деме отырған соң жалығып,
Туысты ұқпай, тізе бүкпес тағылық.
Үзеңгіге аяқ салып тұрмын ғой,
Бабаларың кім болғанын қал ұғып.
Өнер қудың, жақсы нәрсе өлең бек,
Шежіре біл – деді сөзін шегендеп –
Жаңылыспай жеті атасын білген жан,
Жеті рулы елдің қамын жеген», - деп.
«Тарих – жыр, шежіресі халықтың,
Жатыр оның кей жолдарын шалып мұң.
Шағы да көп жетелеген жарық күн,
Осыны ұғын, келсе өзіңді танытқың...»
...Ал шежіре шешуі жоқ жұмбақтай,
Қойды маған,
қойды маған тіл қатпай.
Әр таң сайын ой азабын арқалап,
Арқам жауыр болған шығар мінгі аттай.
Көне сүрлеу қол бұлғаған шақтарда,
Сәлем беріп, сауал қойсам қарттарға.
«Бір білсе, сол біліп қалар» деп бәрі,
Алшын деген ақсақалын тартты алға.
Жолықтырды бізді тағдыр жолы кең,
Сәті түсіп дәмдес болдым онымен.
Әсер етті алдымдағы абызым,
Келген жандай бағзы заман төрінен.
Әңгіме айтса, баурап алып үн нәші,
Деп тұрғандай, тағы, тағы тыңдашы.
Қанша соқсаң қайыспайтын қара төс,
Сияқтанып көрінді алып тұлғасы.
Тапжылмайтын, тау тәрізді төзімі-ай,
Ұялады жанға ұлағат сөз ұдай.
Жамырасып жетіп жатты жүрекке,
Көгенінен ағытылған қозыдай...
- Ата! – дедім, жастан қалам тербедім,
Шежіре еді білмек болып келгенім...
(Қысылсам да, қылын қозғадым білем,
Кеудедегі көңіл атты перненің).
- Тарихыңды жазбақ ойың заңды ұлым,
Ниет қылу, ол да сенің нарлығың.
Оқуынды бітіріп кел, сонан соң,
Білгенімнің айтып берем барлығын...
Кесіп айтқан кесек сөзге не дейін?!
«Рахмет, ата кейін келейін»
Одан өзге айта алмадым ештеңе,
Құмға толып қалған сынды көмейім.
Өтеді өмір маңдайыңа өлшенген,
Азамат ең, абыз едің ел сенген.
Тіп-тік болған тұлғанды еске аламын,
Маң даладан мұнараны көрсем мен.
Мекенінде жатсың қазір мәңгілік,
Талайларды кете бардың таң қылып.
Отты кешкен өмірбаян өлмейді,
Жылдан-жылға тұрар атың жаңғырып.
Алшын ата, барсың ата жадымда,
Жүздескенмін жас бозбала шағымда.
Өлгеннен соң жоқтадық-ау орнынды,
Қамкөңілді жырымды осы қабылда.
Шежіре-ару, сиқырымен гүл-қыздай,
Бір өзінен қойды мойын бұрғызбай.
Жеткізбеді...
Жеткізбей жүр әлі де,
Жанарды арбап жымындаған жұлдыздай.
О, шежіре құшағыма симаған,
Көңілімді түсірдің-ау күйге алаң.
Сауда қуған шулы өмірдің ішінен,
Шежіреші шал таба алмай қиналам,
Шежіреші шал таба алмай қиналам...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу