Өлеңдер ✍️

  26.07.2022
  85


Автор: Медет Дүйсенов

КҮЙ ҚҰШАҒЫНДА

Көгершін болып кеудемнен ұшты көп өлең,
Қазақтан туған киелі неткен өнер ең!
Қарсы алдыңдағы күйші емес, құдай десе де,
Көнер ем соған, сәбидей бейне сенер ем.
Күй кернеп кеткен шабытты осы өзге-ау шақ,
Тоқтаған желдей тынамыз іштен, сөзге аусақ.
Саусақтан мынау суырылып ұшқан бұлбұл үн,
Қалықтай берді, қиялға талай қозғау сап.
Қуаныш, мұңы-ай берілген күйге кезімнің,
Ірке алармын ба тасқынды селін сезімнің?
Бабаң боп сөйлеп жатқанда қара домбыра,
Достарым, сонда келер ме, сірә, көз ілгің?!
Ғашық қып мені алуан күймен бұл әлем,
Барамын, міне, дарияша ағып – бұлақ ем.
Төсінде мың сан тұлпарлар желмен жарысқан,
Дариға кеудем дала боп кетті-ау, мына кең!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу