Өлеңдер ✍️

  26.07.2022
  106


Автор: Медет Дүйсенов

ҰЙҚЫМ КЕЛМЕЙДІ

Қабақ түйіп, қаба сақал қара шал –
Қараңғылық үңіледі іргеден.
Сол шалыңнан сұрағандай араша,
Ұйқым қашып, тыншымадым мүлде мен.
Мүсіндей боп отырмын-ау, құлықсыз,
Қараңғылық-қара шайды, сораптап.
Сұңқылдады мазаны алып, сұрықсыз,
Алған дауыс бір биікке қонақтап.
Байғыз үні...
Көрмесем де таныдым,
Жоғал әрі, жаманшылық шақырма!
Налытқаны жетпегендей нарығың,
Қақылдама, басты босқа қатырма!
Жауап іздеп шыққан сұрақ санамнан,
Сандалады, шаңыраққа соқтығып.
Жанымды осы, ой-масаға таланған,
Құрбан етем, өлеңге іздеп оттылық!
Елестетіп...
Бір мырс еттім ішімнен –
Ақ қағазға төне қалған сиқыма.
Беймағұлым менің осы ісімнен,
Үйдегілер – жатыр бәрі ұйқыда.
Үлкен ұлым аяқ-қолын сермеді,
Кеткен болды-ау «каратэге» кірісіп...
Күні бойы кәмпит сору – ермегі,
Кішкентайым тамсанады, бүрісіп...
Қылығына, қызығына тоймаймын,
Пейілім де айналады далаға.
Қозысына мекіренген қойдаймын,
Мейірімі сыймай тұрған шараға...
Түс көріңдер балдай тәтті, бір нәзік,
Ұйықта жарым, ұйықтаң, балапандарым.
Түн тынысын бағайын да жыр жазып,
Тербетейін ошағымның арманын.
Ай қарады, шың-дуалдан асылып,
Қызарып тұр, жандай бейне кінәлі.
Жолаушылап кеше кеткен асығып,
Орта жолда,
жете алмай жүр күн әлі.
Екі естілеу бұл дүние мінезі,
Бұза қоймас мынау қаймақ күйімді.
Қырық жігіт болып алып бір өзі,
Кәрі жілік күзетеді үйімді..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу