Өлеңдер ✍️

  26.07.2022
  300


Автор: Медет Дүйсенов

Айтшы жаным, кездестім мен кімменен?!

Айтшы жаным, кездестім мен кімменен?!
Жанарыңда жас неге мөлтілдеген?
Жүрегім-ай, бұлқындың неге бұлай,
Сырды қозғап көп жылдар шертілмеген...
Сөзің қайда, «бақытым сенсің» деген,
Сезім қайда, шалғындай желкілдеген.
Қаласың-ау тұнжырап, наласың-ау
Шарт сынды деп болаттай сертім неден?
Қайда кеткен сендегі лала көрік,
Қажыдың ба, мені еске ала беріп.
Көңілімнің көгінде күн шыққандай,
Өкпе-назым ақ қардай барады еріп...
Өзге жанды бақытқа бөледің де,
Кеткен едің, демеспін, керегің не.
Мәңгіге елес, жастағы шақты іздеймін,
Әңгіме емес, бастағы желегің де.
Бірде шат боп алаулап жанғандаймын,
Бірде жат боп, жабырқап қалғандаймын.
Аяулым-ау, қасымда тұрып өзің,
Неге мұнша толғанам, армандаймын?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу