Өлеңдер ✍️

  26.07.2022
  70


Автор: Медет Дүйсенов

МҰНАЙЛЫ ТАҢЫ

Таңы қандай, шіркін-ай, бұл араның!
Еңбек әні тербейді қыр алабын.
Жер – сәбиін кірісті емізуге,
Аспан-ана, шығарып, күн-анарын.
Туған жердің көркіне жетеді не,
Шабыттанып құсы да кетеді ме:
Шығып алып басына мұнараның,
Бозторғай тұр жыр оқып мекеніне.
Терендікке сүңгіген тұрбалары,
Білек түріп жұмыста бұрғы алаңы.
Шыбындаған жылқыдай басын шұлғып,
Качалкалар тынымсыз ырғалады.
Қаламқас пен Ақтауды қосып әні,
Көпір болып, көк асфальт жосылады.
Жол бойында боздаған ойсылқара,
Моторлардың хорына қосылады.
Замандасым, дәуірдің қаһарманы,
Ақша бұлттай кіршіксіз ақ арманы.
Мұнайшы тұр көз тігіп мұнараға,
Биіктікті қырандай қалар жаны.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу