Өлеңдер ✍️

  26.07.2022
  167


Автор: Медет Дүйсенов

БІР ҚАЛТА АСЫҚ

Асық салар бір қалта жасапты анам,
Әп-әдемі, жиегін шашақтаған.
Дейтін маған: «Арнап ем немереме,
Келін әкеп, тойды тез жасат, балам.
Сөйт, құлыным, барлығын таста да енді,
Қолымды ұзарт, қартайдым, жас та келді...»
(Немересін ойнатып отырғандай,
Ұмытатын сосын ол басқа әлемді)
Анам барда ғажап ең кең дүние!
(Арада жоқ асыл жан енді міне...)
Келіні бар, кезінде көре алмаған,
Ұрпағы да өмірге келді күле.
Тірлік барда мұң да бар, мазалайды,
Көк аспаны тағдырдың нажағайлы.
Асық ойнап отырған балаларым,
Көп сұрайды ардақты әже жайлы.
Сағынышпен қарасам құмарта ашып,
Көрінеді көзге ыстық бір қалта асық.
Кейбіреуге жай нәрсе, ал мен үшін –
Мейірімді шуақ қой тұрған тасып!
Сол бір қалта асық...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу