Өлеңдер ✍️

  26.07.2022
  81


Автор: Медет Дүйсенов

ЕЛЕНБЕЙ ҚАЛҒАН ЕСІМ

Оқиға еді тыңдаған,
Сонау бір бала шағымда.
Анамнан жеткен мұң маған,
Орнығып қалған жадымда...
...Жыландай жылжып қойынға,
Кезі екен кірген сұм жаудың.
Зіл қамыт түсіп мойынға,
Жүректе шерлі тұрды-ау мұң.
Қара бұлт шашын жайды аспан,
Ұққандай елдің хал жайын.
Жабырқау анам, жай басқан
Мамырлап мама қаздайын.
Танғандай бейне есінен,
Кенет бір ұйқы меңдетті.
Жертөле терезесінен,
Әкесі қарап, сөйлепті:
«Қолыңа қос ұл қонды шын,
Төгеді саған нұрын бақ.
Үлкенін – Сәдет, соңғысын –
Медет қой» депті мығымдап.
«Өзгертпе бірақ аттарын,
Өзгертсең гүлдей солады.
Жадыңда болсын айтқаным», -
Дейді де ғайып болады.
Селк ете түсіп оянды,
Оянса аппақ таң атқан.
Жанардан елес жоғалды,
Тіршілік тағы таратты ән.
Шаттықпен қоса енді үрей,
Екі ұдай сезім арбасып.
Жетелеп жүре берді ғой,
Анамды, арман алға асып!
Көңіл-ай, болған жиі алаң,
Жарқылдап жүрер жай бар ма?!
Кешікпей туған ұядан,
Аттанбақ жары майданға.
Сырласқан сонда әжеме:
«Жүрмеспін, сірә, енді көп.
Құдаңыз келіп, әз ене,
Түсімде аян берді»,-деп.
Босанған анам бабында,
Көтеріп қолға екі ұлды.
Екі күн екі жағында,
Жарқырап тұрған секілді.
Қошқардай қос ұл келгенде,
Ырым ғып жатса несі мін?!
Өзіне билік бергенде,
Зәуре әжем айтқан шешімін:
«Сәдет де мейлі, мәпеле,
Ныспыны артқы тоқтатың.
Тілекші болсын әкеге,
Тілекбай қоям, -депті – атын».
«Өзгерді-ау, аты өзгерді...» -
Деп, анам үнсіз қалыпты.
Шарасы қайсы өзге енді,
Егіліп іштей қамықты.
«Жеткізбес елес – құр сағым,
Өшпесін өмір өзені.
Ғұмырлы болғай ұрпағың,
«Түс деген түлкі тезегі».
Осылай терең толғана,
Жұбатты әжем келінін.
Жүргендей демеп сол ғана,
Шыңдады бұл сөз сенімін.
Жүйткіді мезгіл алмасып,
Бір соғып өткен құйындай.
Өмір мен өлім арбасып,
Ағалар кешкен қиын жай.
Аңырай жылап қалды ана,
Шыр-пыры шықты абдырап.
Бұлқынып аққан арнада,
Тартыла берді балбұлақ.
Баяғы түсі болып өң,
Жаралы жүрек – жетімек.
Қос жұлдыз ақты көгінен,
Екі ұлы бірдей шетінеп.
Содан соң көрген зарығып,
Жалғыз ұл мына мен екем.
Жасарып қайта кәрі үміт,
Тойланып жатты мерекем.
Түрленіп бояу өрнегі,
Тіктепті бойын шаңырақ.
Үй ішін күлкі кернеді,
Жұлдыздай түнгі жамырап.
Нұр ойнап анам көзінде,
Атапты Медет мені әулет.
Осы бір есім кезінде,
Еленбей қалып еді-ау деп.
Оқушым осы бар шындық,
Сырым ғой келген айтылмай.
Жүректен түсіп қалсын жүк,
Тұрғай да тірлік – ән тынбай...
...Елемей жүрме халқым-ай,
Жоғалған содан көп мұраң.
Бір дарын шықса жарқырай,
Қалмасын ұмыт деп тұрам!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу