Өлеңдер ✍️

  26.07.2022
  84


Автор: Медет Дүйсенов

Арқа сүйер, о, менің асқарым-ау...

Арқа сүйер, о, менің асқарым-ау,
Жер таянар жетіпсің жасқа мынау.
Қайран өмір, өтуің қас-қағым-ау,
Қонақтапты күмістей басқа қырау.
Көпті көрген көнекөз қалпыңменен,
Ұлынды да есейтіп тастадың-ау.
Тастадың-ау жан әке, толғандырып,
Толғандырып, ойлы бір орман қылып!
Кәрілікпен күресіп болған бүлік.
Кетсем дейсің жосылған жол қалдырып,
Қиялданып кей-кейде қоясың ба,
Бал шақтардан баяғы шөл қандырып.
Отқа оранған қайырылмай өтті күндер,
Өтті күндер, жұпарын төкті гүлдер.
Естелік бар, кейпінде кекселік бар,
Жалын атқан жастығың жоқ бүгіндер.
Дана да сен, мен үшін құдірет сен,
Сиынғаным ол саған-күбір етсем.
Жықпай, әке, аманат желкеніңді,
Арман не, өмір көлін жүзіп өтсем!?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу