Өлеңдер ✍️

  26.07.2022
  197


Автор: Медет Дүйсенов

Туған ауыл! Туыстай сағынамын.

Туған ауыл! Туыстай сағынамын.
Сағынамын жел күнгі шағыл әнін.
Көрінсе екен көзіме киіз үйлер,
Шыр айналған күміс күн шаңырағын.
Қиясына жетелеп барады қыр,
Жүрегімде бүршігін жарады жыр.
Шалғын иісін сіміріп жатқым келді,
Үңгіп-үңгіп жіберіп маяны бір.
Жаным неге соншама тым үздікті,
Қалса да ем сапардан бір із құтты!
Қойнауыңа кетсем бе қымыздықты,
Қойлы ауылға жетсем бе ырыздықты!
Төскейінде төл үні жамыраған,
Думандатқан күйсандық – сары далам.
Таусылмайтын күйбеңге араласып,
Болайыншы шаруаға тағы да алаң.
Сезімім мен құстардың сазы үндесіп,
Тіршіліктің толғанам жазын кешіп.
Мұңым болса бір сәтке ұмытамын,
Әз қылықты құрдаспен әзілдесіп.
Жеткен еді махаббат жеріңе алып,
Самалың боп шарлайын мен лағып.
Тұла бойым жеңілдеп сала берді-ау,
Қоя берген тұлпардай ерін алып.
Сап, көңілім, құйындай желікпегін,
Желіккелі сен мұнда келіп пе едің?
Бабаларым жатыр ғой бата берген,
Бас иейін аралап бейіттерін.
Сыр айтайын сағынтқан аспаныңа,
Жайдың отын дарытқан жас жаныма.
Отпан таудың басына өрмелейін,
Табанымды қажатып тастарына.
Құшағына қысады баяғы қыр,
Баяғыдай алдыма жаяды гүл.
Аялайды анамның мейіріміндей,
Күлімсіреп көгімде аялы нұр...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу