Өлеңдер ✍️

  26.07.2022
  64


Автор: Медет Дүйсенов

АУЫЛДЫ АҢСАУ

Құшаққа алып тоқ омырау торғын бақ,
Көркем қала шақырса да қол бұлғап.
Ауатыны-ай ауыл десе аңсарым,
Жетелейді құштарлығым – сол жұмбақ.
Ата мекен! Мадақтаумен көркіңді,
Сен туралы қаншама сыр шертілді!
Дем алам да жусанымен даламның,
Жазып алам тұла бойдан дертімді.
Дала... Сағым... Қиялыммен табысқан,
Бала шағым бұлдырайды алыстан.
Қалдың артта тәтті түстей кездерім,
Асық ойнап, тайға мініп жарысқан.
Аспанында аққу сазды асқақ ән,
Ауыл менің ажырамас астанам.
Қырау шашты қариялар алдында,
Инабатпен иба сақтап жасқанам.
Солар менің сиынатын пірлерім,
Соларменен арайланып тұр көгім.
Гольфстрим жылы ағысы сияқты,
Жүрегімде ыстық сезім жүр менің!
Өмірімнің бастауы едің бір бұлақ,
Көңілімнің қойдың-ау сен ырқын ап.
Еміренген енесіне жайлауда
Құлындаймын табысатын шұрқырап...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу