Өлеңдер ✍️

  26.07.2022
  91


Автор: Медет Дүйсенов

ҚЫЗҒАНЫШ

Шаншылады, қарау көздер – мұз сүңгі,
Жарақаттап алардаймын үстімді.
Шуақ болып еріткелі шашылам,
Мәңгүрттеніп, мұзға оранған мүскінді.
Қалмай қойды-ау, қызғанышы құрғыр-ақ,
Көлеңкедей қапталдасып жүр, бірақ.
Ерегессем – елемес ем, алайда:
Тамшы да тас теседі ғой ұрғылап...
Арамзаға көрсетсем де сырт айбын,
Жылымшылап кіреді ішке сұрқай мұң.
Сумаңдаған өсек-суық тоңдырып,
Көңілімнің іргелігін қымтаймын.
Сүрінсең-ақ маздай жанар шырағы,
Тұла бойы топастықтан тұрады.
Оған аян, өзіңе де жұмбақ сыр,
Пілдікіндей қызғаныштың құлағы.
Көрінбеген көзіне кең дүние,
Іштарлықтың су құямын ініне.
Жанарында күлкі бұққан жымысқы,
Кездесемін Оныменен күніге.
Қамшылаған, мені қарсы тұрғызып,
Қызғаныш та қарап тұрсам бір қызық...
Жүрсем, достар, болмағаным тегін жан –
Қызғаныштың қызыл итін үргізіп!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу