Өлеңдер ✍️

  26.07.2022
  63


Автор: Медет Дүйсенов

№ 251- БИІКТІК

Дубосеково бекеті түбіндегі,
Қанша жыл, төбеден бұлт түрілгелі?
Мазалайды әлі де бүгін мені,
От шарпыған орманның түбірлері.
Қарақұстай фашистер қаптағанда,
Жер жастанып жеткені жатты алаңда.
Тапжылмапты жиырма сегіз батыр,
Елу танкі төсіңді таптағанда.
Перзенттерін жоқтай ма, аспан – ардай,
Ақша бұлттан мөлдіреп жас тамардай...
Омырауын қаймықпай оққа тосқан,
Талай-талай қазағым – тас қамалдай.
Төзім бар-ау жалғасқан сар даламен,
Сезім бар-ау аяулы жарға деген.
Кеуделерден ызалы кекке тұнып,
Найзағайша атылып қалған өлең!
Кетсе де еріп соғыстың алып сеңі,
Ұмытпайды мәңгілік халық сені.
Ескерткіш боп еңселі тұрып қалған,
«Даңқ шебі» - ерліктің анық шегі!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу