Өлеңдер ✍️

  26.07.2022
  135


Автор: Медет Дүйсенов

Ойда отырмын. Глобус тұр алдымда...

Ойда отырмын. Глобус тұр алдымда,
О,қаншалық ғажайыптар бар мұнда!
Жер шарының кіп-кішкентай үлгісі,
Тұрады ылғи жанарымның алдында.
Талдан түскен жапырақтай – далалар,
Өзен-көлің көк бояудан табады әр.
Шаша салған тарыдай боп көрінеді,
Бір ноқатқа сиып кеткен қалалар.
Глобусты бөлген сызық жердегі,
Шыр айналған экватор белдеуі:
Секілді ғой,
құрлық-шапан сыртынан,
Келістіріп тағып алған белбеуі.
Жер әжімі-ау, терең сай да, жыра да,
Сары бояу – сараң шөл ғой, сірә да.
Жап-жасыл-ау, орман болар мына ара,
Шалқар мұхит – ойларындай ғұлама.
Жүрген жел де үйіріліп ұршықтай,
Желөкпе жан сияқты естен жүр шықпай.
Көлденеңдеп жатып алған қия шың –
Қиындықтай, қыңырайған қырсықтай.
Күн аймалап, толқын-ойдан тербеген,
Айдындардың ақ маңдайы терлеген...
...Аумайсың-ау айналайын жерім-ай,
Жұмбағы көп, жұмыр басты пендеден.
Алаулы арман, ізгілікпен кезігем,
Қараулардан мұз бүріккен безінем.
Глобусқа қарасам-ақ, осылай
Жердің тыныс-тіршілігін сезінем.
Ару әлем бүгін кемел шақтасың,
Ақ жүзіңді қара күйе жаппасын.
Глобустың, тек құр кеуек ішіндей –
Ойсыз бастың «ойынынан» сақтасын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу