Өлеңдер ✍️

  26.07.2022
  77


Автор: Медет Дүйсенов

ҚОЛ

Түрлі қол...
қалған жатталып:
Кернеген бірін долы күш.
Бірінің қолы – ақ мамық,
Бірінің анау, қолы күс...
Қашан да қолмен, қылсақ не,
Сезімің толқыр бойды алып.
Алдымен құрбым бір сәтке,
Қолыңа қара, ойланып.
Өмірді мынау ізгі ғып,
Жайнатып кетер – осы, қол!
Көңілді қырау, мұз қылып,
Жайратып кетер – осы, қол!
Түюлі қол бар, жүретін:
Қолшақпар – көңіл күйіне.
Бес саусақ сонда бүретін,
Айналып кетер бүйіге.
Өзіңе қарай созылып,
Екі қол келе жатқанда.
Тұрады бәрін көз ұғып,
Ниеті – түн бе, ақ таң ба?!
Келешек күннің картасы –
алақандағы сызықтар.
Сәуегей,
қозып арқасы,
Айтады болжам, қызықтар...
Бастайды сені жолыңа,
буыны, әрбір нүктесі...
Жамандық емес,
қолына
Жақсылық қана жүктеші!
Қимылдар қолың әр күні,
Бағың ба, әлде сорың ба?!
Қуаныш, қайғы...
Барлығы –
Тұр қазір сенің, қолында!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу