Өлеңдер ✍️

  26.07.2022
  53


Автор: Медет Дүйсенов

ТҮСІМДЕ ШЫҒАРҒАН ӨЛЕҢ

Түс көрдім түнде тағы да,
Ұйығы тартып ұйқының.
Бермеді тыным жаныма,
Тербеді, ғажап сиқыр үн.
Тұр екем таудың басында,
Жүректен нөсер жыр төгіп.
Ұқсайды сөзім жасынға,
Сайранды салған бұлт еміп.
Көңілдің шөлі қанғандай,
Сәруар көктен нұр саулап.
Бойымды билеп алғандай,
Киелі бір күш құрсаулап.
Ойыма бұрын келмеген,
Теңеулер тілге оралып.
Құстаймын қанат сермеген,
Шалқыдым, шабыт қол алып.
Ояндым кенет... Түн іші...
Жармастым қағаз, қаламға.
Жадымда жырдың дыбысы...
Бейнелеп бере алам ба?!
Құдай-ау, қайда әуенім,
Қарқуар сынды әндеткен.
Түстегі тәтті мәуенің,
Өңде жоқ дәмі, мән кеткен.
Күй кештім осы кезде мен,
Кідірсем қапы қалардай.
Бақилық жанды сөзбенен,
Тірілтіп алмақ адамдай.
Шашылып кеткен тарыдай,
Әр сөзді тердім саралап.
Әйнектен қарап жарық ай,
Күлгендей мені табалап.
Отырмын... Кімге шағынам?!..
Өзімді оймен қамшылай,
Қақпанға түскен аңынан,
Айрылып қалған аңшыдай...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу