Өлеңдер ✍️

  26.07.2022
  75


Автор: Медет Дүйсенов

КӨРДІМ СЫНҒАН ҚҰМЫРА

Тағат таппай тынымым,
Жүрегімде нөпір мұң.
Құмыраның сынығын,
Құрастырып отырмын...
Түстім-ау бір күйге алаң,
Ойым быт-шыт, ашынып.
Құмыраның қираған,
Сынығындай шашылып.
Көрген сұмдық соққыны,
Қыш құмыра емес тек.
Жәдігерлер өтті ұлы,
Көз алдымнан елестеп.
Айырылған аңынан,
Аңшыдайын із кесем...
Қолды болған қазынам,
Табылар ма іздесем?!
Отты тірлік өтінде,
Өткен қазақ тағдыры.
Бұйымдардың бетінде,
Атамекен ән-жыры.
Өмір болып өрілген,
Өнерімнің өзегі.
Орын алар төрімнен,
Бабалардың көзі еді.
Буырқанған күйім бар,
Бояуға алған түсіріп.
Соққан талай «Құйындар»,
Алып кеткен ұшырып.
Адастырып сағымға,
Бас имеді сар далам.
Долы, дүлей дауылда,
Киіз үйім қалды аман...
Алпыс екі тамырың,
Иігендей сұлулық!..
Сол мұраның қадірін,
Жоғалтқасын ұғындық.
...Тағат таппай тынымым,
Жүрегімде нөпір мұң.
Құмыраның сынығын
Құрастырып отырмын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу