Өлеңдер ✍️

  26.07.2022
  73


Автор: Медет Дүйсенов

ШЫҒЫР ТАРТҚАН ҚАРА НАР

Сүреңсіз соғыс күндері,
Ашулы аңдай жарадар...
Көзімде елес сүлдері:
Қара шал. Шығыр. Қара нар.
Бір жүрген ізін шиырлай,
Қара нар жалғар ермегін.
Сырғыған қауға
сиырдай
Сүзеді әйкел ернеуін.
Шығыр да ығыр қылады
Тынымсыз заржақ баладай.
Су толы қауға шығады,
Қампиған қара сабадай.
Жарылған шардай бүрісіп,
Құлайды қайта құдыққа.
Қаптаған қойлар тұр ішіп,
Бас қойып мөлдір тұныққа.
Қара нар құмар, шалғынға,
Боздайды келіп, боздайды.
Қайыстай қара шалдың да
Қайдағы шерін қозғайды.
Қозғамай және қоймайды,
Шығыр да салып «ойбайды».
Соғыста жүрген жалғызын
Қамығып күнде ойлайды.
Қорғайды қоғам малын да
Қарашығындай көзінің.
Шау тартқан мынау шағында
Темір төс дерсің төзімін.
«Киелі ғой, - деп, - киелі...»
Мақтайды ойсылқарасын.
Мейірімге толы-ау жүрегі!
Ойланып үнсіз қаласың...
Үмітке нұрлы сенетін,
Бөгде бір жанға шағынбай.
Қиындықтарды жеңетін
Көтеріп қара нарындай.
Болды ғой ғайып сүргін шақ,
Еріген қардай көктемде.
Қараймын қиял-дүрбім сап,
Талай мұң құшқан өткенге.
Қара нар, әйдік тұлғасы,
Тәнті еткен талай күшіне.
Сағымда қалқып сұлбасы,
Жүреді еніп түсіме...
...Қашанғы тұрсын күн аумай,
Кезінде оны көрем де.
Қара нар сүйреп шығардай,
Мен құлар болсам тереңге...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу