Өлеңдер ✍️

  26.07.2022
  91


Автор: Медет Дүйсенов

МҰНАРАЛЫ МАҢҒЫСТАУ

І.АРНАУ
Мұнаралар!
Аспанға шаншыласың...
Аласалар намысын қамшыласын!
Ақ сағымның шыға кеп арасынан,
Қиялымның ұшырдың қаршығасын.
Тебіренттің, құштар қып Төлегенді,
Оралмайды от тілді өрен енді.
Асыл жырдың мүсіндеп мұнарасын,
Жалғастырсам деп едім сол өлеңді.
Кетті мені үйіріп тасқынды шақ,
Мұнайшыға айқара аштым құшақ.
Мұнаралар тұр маңғаз, тапжылмастан,
Туған жерін күзеткен сақшыға ұқсап.
Үмітісің бабамның ат сабылтқан,
Сүйіншісін даламның ал сағынтқан.
Айдарыңнан жел есіп асқақтайсың,
Ақ бөкебай орап ап ақша бұлттан.
Дабысыңды дос түгіл, қас тыңдаған,
Талай тар жол, асудан астың далам.
Мұнаралар орманы келеді өсіп,
Дариялар төсінде тасқындаған.
Мұнаралар!
Шыңдағы шынарлардай,
Келбетіңе қараймын құмар қанбай.
Жер мен көктің арасын жалғастырған,
Көпірмісің ғажайып ұлы армандай?!
Қаншама сыр мұнара тұрысында,
Қанша ғасыр түскелі ұлы сынға?!
Күнге айналып кеткендей,
Тұрған жарық
Балауыздың дірілдеп тілі ұшында...


Өттік талай қатерлі бұраң жолдан,
Тек биіктік біздерге ұран болған.
Қанатымды қомдап-ақ жібердің ғой,
Ғашық қылып қияға қыран қонған!
II. ДАЛА ДАУСЫ
Қонысымын мал баққан көшпенді елдің,
Өрісімін шаңдатып ескен желдің.
Маңғыстау... Қойнауымның бәрі қыстау,
Жеті жұрт кеп, жеті жұрт көшкен жермін.
Күн көрсетпей көгімді құрсады бұлт,
Сығалады сәуле боп мың сан үміт.
Көңілімді сыңсыған селеулер мен,
Желбіреген кекілі жусан ұғып...
Куәсімін жауыздық қылмыстардың,
Шетінеткен шеруі Шыңғысханның.
Ойрандалып замандас Отырарым,
Күңіреніп қиянда мұң құшқанмын.
Жасығын да, асылын – жанған дарын,
Құшағыма жатсынбай алғам бәрін.
Көне дәуір сырларын күбірлейді,
Бас көтеріп құлпытас, балбалдарым.
Ұрғылаған төсімді тұяқтардан,
Дабыл қаққан барабан сияқтанғам.
Сағым қонып жатқанда көкжиекке,
Абыл болып адуын күй ақтарғам.
Топан судай тоғытқан аққан жырын,
Қашаған мен Аралбай, Ақтан, Нұрым.
Қалтыратып байларды жапырақтай,
Бақсыдай қып кететін қаққан жынын.
Өзен же жоқ, таппаған көл жарасым,
Маңғыстау ем шөл қысқан кең даласын.
Жерұйықты іздеген Асанқайғы
Өте шыққан желдіртіп Желмаясын.
Аңыз болып бүгінге аты жеткен,
Құлбарақпын шайқаста қапы кеткен.
Басын байлап өлімге бақыт үшін,
Асыл да өткен осында, батыр да өткен.
Жезтырнақты самұрық босатпады,
Сөнді жанбай талайдың ошақтары.
Қанды қырғын куә оған Қошақтағы,
Жанын қиған Досанның жасақтары.
Қариямын қияға көп қараған,
Дариямын ағысы тоқтамаған.
Дүбірлеткен мен болам тұлпар дала,
Бұғауды үзіп тар заман ноқталаған.
Күдер үзбей, күтіп тек үмітті алдан,
Ерулі атқа қондырған жігітті арман.
Мұнаралар – нар мүсін батырлардай,
Найзаларын көтеріп тұрып қалған.
Бақыт күліп, төккенде мәңгілік нұр,
Жайнап жүре бердім-ау жаңғырып бір.
Құбыр бейне тамырдай денемдегі,
Өн бойымда мұнайдан қан жүріп тұр!
III. АЛҚЫЗЫЛ АЛАУ
Қып-қызыл от күндей боп алаулайды,
Бабам басқан көріктен дала аумайды.
Шарықтайды шабыттан шағала күй,
Аспанында көңілдің ән аунайды.
Сезім бұлақ бұлқынып тұла бойдан,
Жағу осы дейсің-ау шырақ ойдан.
Атамекен – отаудың қарсы алдына,
Алып мосы сияқты құра қойған.
Кеудесінен сызылтып серенада,
Ұйқысынан оянды көне дала.
Тағзым етіп тұрады качалкалар,
Қайта-қайта бас иіп Жер-анаға.
Омырауын тіреген оппа құмға,
Түйелердің керуен соқпағында.
Жұртта қалған жылтырап үміт шоғы,
Тұрған жоқ па Қаламқас оттарында?!
Алау қанша! Жаным-ау, шеті қайда?!
Жанар таулар атқандай Жетібайда.
Жүзі ұялып жердегі жарық нұрдан,
Қалатындай көрінді кетіп ай да.
Күндізгідей бейне бір мұнда түнің,
Түрегеліп құбырлар тұр қатып үн.
Жол барады арқалап ауыр жүкті,
Толғанады таба алмай қыр да тыным.
Өмір өзге бүгінде, өзге дала,
Сұлулыққа, шіркін-ай, көз қана ма:
Мұнара емес, сымбатты бойжеткендей
Орамалын бұлғаған бозбалаға.
Бесігі ғой бақыттың бұл ара тек,
Қуанышқа ортақтас гүл ала кеп.
Дүниеге қыз келсе қызғалдақтай,
Қояды енді есімін Мұнара деп.
О, арулар, шадыман шаққа жеттің,
Басыңдағы бүгінгі бақты ән еттің.
Тусыраған тереңнен сыр тартады,
Сіңлілері кешегі Ақбөбектің.
Түлейді жер түбектің түлегінен,
Тас балқыған қызулы жүрегінен.
Қиындықтың құрсауы қақырайды,
Жүзі қайтпас жастықтың түренінен!
Дүбірлетсе жасампаз жандар анау,
Тәнті болып, таңдайын таң қағады-ау.
Ерлік еңбек туындай желбірейді,
Мұнаралар басында жанған алау.
Өмір гүлі, о, құрбым, солмаса дер,
Жақсылықпен күн сайын қолдаса бер!
Тірлік пе екен, түнекті жарық қылар,
Жүрегіңде жалының болмаса егер!
IV. ШЕВЧЕНКОМЕН СЫРЛАСУ
Ой көзімен аймақты шолғансың әр,
Көре алмапсың құзарға қонған шынар.
Жетім ұлдай өткізген жеті жылың,
Жеті ғасыр сияқты болған шығар.
«Есігі жоқ түрме» атты жаққа айдалып,
Өтіпсің-ау ну орман таппай налып.
Тіршілігің тәрізді тоқтамаған,
Бір шыбығың тұр қазір баққа айналып.
Шежіре қып қарттарым шертер еді,
Ақтаудағы екі-үш үй жертөлені.
Жанарды арбап, жақұтты жағалауда,
Орнап қалған ба дейсің ертегі елі...
Алып үйлер ақ маржан мұнарадай,
Тұлғасына ұялап тұрар арай.
Қимай әрең батардай көкжиекке,
Көктің төсін өткенде күн аралай.
Ақтау осы, аққуға қосқан әнін,
Қадалады еріксіз қос жанарың.
Талай ұлттың табысқан тұрағы бұл,
Тамырымыз тереңде досқа мәлім.
Жүрегіне бейнеңді жылы бөлеп,
Түрі бөлек демеген, тілі бөлек.
Таразы деп атаған, Тарас демей,
Өз ақыны ең қазақтың, шыны керек!
Ескерткіш боп тұр, әне, дара тұлғаң,
Үлкен-кіші толғанып баратын маң.
Қас қыранды қомданған көргендеймін,
Жыр көгінде самғауға жаратылған.
О, мүсінші, арманы асқағым-ау,
Мұнара қып көңілді тастадың-ау.
Бара жатыр еріксіз мені баурап,
Жан біткендей, тілі жоқ тасқа мынау.
Тағдырыңның бар түні қабағында,
Таң нұрының жарқылы жанарыңда.
Атыраудың тілдесіп толқынымен,
Отырсың ба қауышып жаңа жырға?!
Адамдары тағдырлас болған бауыр,
Теңсіздікті, құлдықты жойған дәуір.
Ойға алдың ба, қаракөз – қазақ қызын,
Толғандың ба жас ұрпақ қойғанда гүл?!
Заулай берсін зымырап заманалар,
Өр тұлғаңа тау таң ғап, дала қарар.
Жеткізгендей шуақты сезіміңді,
Шаттанады шарқ ұрып шағалалар!..
V. БҰРҒЫШЫ
Ақ самала кезеді түнді жарып,
Мұнараға қойғандай күнді жағып.
Төбесімен секірген сүңгуірдей,
Бұрғы кетті тереңге мың бұралып.
Жұлқылайды, бермейді жел де тыным,
Бұрқырайды төскейі жер бетінің.
Сар даланың ақ сортаң шаңыменен,
Опаланып алады керзі етігің.
Қапсыра ұстап палуан қолғаппенен,
Тұңғиыққа тұрбаны жолдап терең.
Баста – каска – дулыға, буырқанған,
Батырдайсың аумаған сонда ақ берен.
Құс ұйқылы анадай елегізіп,
Көзің манометрде, дене қызып...
Тұрған шақта, жеті қат жер астынан,
Сұрапыл сел жетеді сөрені үзіп!
Жұрт қаумалап: «Мол мұнай көзі!», - дескен,
Сол сәттегі кетер ме сезім естен.
Сен тұрасың шаттанып сом тұлғалы,
Кен орнының кіндігін өзі кескен.
Күн мен түндер ұйқысыз, тең ерлікке,
Бойыңда бар төзім де, кемелдік те.
Бұрғышының бақыты тайызда емес,
Буырқанған толқыны тереңдікте!
Дүбірлеткен дүние дүрбісімен,
Қарсы аласың қуана күнді шүлен.
Парасатты перзенті туған елдің,
Болашаққа жол тартқан бұрғы ұшымен.
Беймаза қып қойдың-ау, құрбым, мені,
«Бұрғышымын» өзіңдей бұл күндері.
Түбекті емес, жүректі зерттеп жүрмін,
Табылса деп жауһардай жырдың кені...
VI. КЕЛЕШЕККЕ ХАТ
(немесе мұнара туралы монолог)
Кең жайып дастарқанын ырыс далам,
Толықсып бейбіт таңмен тыныстаған.
Еңкейіп, ұлы ерлікке тағзым етіп,
Жастар тұр қолдарына гүл ұстаған.
Жазуға үңілемін жолда тұрған,
Мұнайшым сомдалыпты сонда тұлғаң.
Маңғыстау қазынасын игергендер,
Атынан мәрмәр белгі орнатылған.
Ұғынып ұланғайыр сыр, мағына,
Толқимын отырғандай жыр тағына.
Осында, жазылған хат сақтаулы тұр,
Аманат, келер ғасыр ұрпағына.
Алыпсың, сия қоймас жырға өлшемі,
Өмірім өлең етіп үлгерсе еді...
Қазақтай ұлы елімнің дүрсілдеген
Маңғыстау – жүрегінің бір бөлшегі!
Биігін болашақтың шолады ойлар,
Адамдар, аппақ таңдай бол арайлар.
Үлбіреп өскен Гүлдер солмасын деп,
Тосады тау тұлғасын Толағайлар.
Қаншама десеңші бар «мұнаралар»...
Қалайша көкірегің тына қалар?!
Өмірде, бірін көріп биіктейсің,
Көңілге, бірін көріп, мұң оралар.
Десеңші, толғантпайды адамды не,
Болады байлық қана бар әңгіме.
Бейшара көбелектей отпен ойнап,
Алады ойша бөліп әлемді де.
Қадірін тәрік қылған күн, айдың да,
Жақсылық, қайдан болсын, сыңай мұнда.
Көкке де қолды созып, бар болса егер,
Қалтасын қағар еді құдайдың да!
Арсыздар әділетке құлақ асың,
Жер-ана шашын жайып жыламасын.
Неліктен көздеріңді мұнар басты,
Тұрғызып ядро мұнарасын.
Мұнара! Қандай сөзсің мағынаң көп,
Тұлғамды тұрғандайсың танып ал деп.
Қол созған мұратына мұнаралы,
Қасынан адал жанның табылам тек!
Мәңгілік маздап тұрар махаббатым,
Ән қылып ғұмыр кешем Отан атын.
Аспанға ұшырамын ақ көгершін,
Сол менің келешекке жолдар хатым!
Жерікпін, күн шуақты алаңдарға,
Мұнарадай еңселі адамдарға.
Мейірім мен бақыттың тұғырындай,
Мұнаралар жайнасын жанарларда!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу