Өлеңдер ✍️

  26.07.2022
  93


Автор: Медет Дүйсенов

ҚҰРЫЛЫС АЛАҢЫНДАҒЫ ҮЙЛЕР

Толғанамын, оянам да таңменен,
Асығамын жетпейтіндей әлденем.
Құрылысшыдай жымдастырған кірпішті,
Ұйқастырам мен де өзімше нәрлі өлең.
Өрнек салып сан сүгірет өреме,
Жанар-жебе, шаншылады төбеге.
Тас көтеріп, қолын созған крандар,
Кітап қойып жатқан жандай сөреге.
Жұмысшылар күйін толғап жүр, істің,
Қоймасындай құрылыс сансыз дыбыстың.
Сом темірден жатқан дәнекерленіп,
Шашырайды салют беріп мың ұшқын.
Алғыспенен жар саламын айғайлап,
Көңілдерді көктем ету қандай бақ!
Құрылысшының қалағы да қолдағы,
Сабағы бар жапырақтан аумайды-ақ.
Аумайды ол және-дағы жүректен,
Тіл бітіріп қара тасты түлеткен.
Қабырғалар барады, әне, қаланып,
Мейіріммен, шұғылалы нұр өпкен.
Жаным менің жақсылыққа елтіген,
Жел тербеткен жас шыбықтай желпінем.
Ұрпағына тынбай ұя салатын,
Қарлығашты көз алдыма келтірем.
Көрік берген айналаға арайлы,
Тамсандырған ғимараттар талайды.
Көк пен жердің көлегейлеп арасын,
Алатаудай аспан тіреп қарайды.
Шомылып үй шуаққа да, жаңбырға,
Тоғысады түрлі-түрлі тағдырға.
Кенеледі қуанышқа күні ертең,
Бөленеді бөлмелері ән-жырға.
Орман сынды шулап құрылыс алаңы,
Сазыменен әлдилеп тұр даланы.
Өн бойында көктеп кірпіш бүршіктер,
Келеді өсіп тұрғын үйлер дарағы...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу