Өлеңдер ✍️

  26.07.2022
  128


Автор: Медет Дүйсенов

ҚОБЫЗ

Қобыз болса көрінген,
Көзімде елес өрілген:
Қашып бара жатады,
Қорқыт ата өлімнен.
Құлпырар ма жаз алдан,
Құтылар ма ажалдан?
Тұрып алды бір ызың:
«Өлесің!»-деп маза алған...
Күйге ұйытып бар маңды,
Айтқан асыл арманды.
Қалай ғана қия алар
Жарық сәуле жалғанды?!
Сыйлар шырын сәттерін,
Тірлік қандай тәтті едің!
Қимай қанша қашса да,
Жылан болып шақты өлім...
..Үміт жібін үзбеген,
Жеткен бізге ізгі өлең.
Өнегелі ғұмыр бұл
Өлмес ғұмыр іздеген.
Қозғап, шіркін, сырды не,
Тебірентіп тұр, міне.
Қорқыт баба бірақ та
Білмеді ме, білді ме:
Мәңгілікке шертіп үн,
Дауасы боп дертінің.
Қыл қобызы қолдағы
Өзін өлтірмейтінін!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу