Өлеңдер ✍️

  26.07.2022
  80


Автор: Медет Дүйсенов

ТЕҢІЗБЕН ТІЛДЕСУ

(Әбу Сәрсенбаевқа)
Дүбірге толы теңіз бе дерсің бұл ғалам,
Керегіп тұр-ау құдіретті саған қыл қалам.
Сөзбенен, шіркін, тұлғанды сенің сомдар ма ем,
Айвазовский бояу тілімен жырлаған?!
Шамырқанғанда, теңізден соққан жел де үдеп,
Шақырмай шабыт шыдарсың қалай, сен, жүрек?!
Жойқын жасақтай жөңкіліп бара жатқанда,
Асау толқынның арыстан жалы желбіреп.
Кеудеңе қонған сәулелі шаттық, талай мұң,
Кемеңгер сынды келбетіңе үнсіз қараймын.
Маржандай суын жұлдыз ғып шашқан аспанға,
Ақпейілің бе ақжарма көңіл ақ айдын?
Келеді, әне, құшағын ашып жағалау,
Өзіңе тартып көгере қалған бақ анау!
Арғымақ аттай,
арнасын кенет бұрып ап,
Өзендер біткен асығып саған ағады-ау.
Өремін өлең,
жағаңа сенің жетемін,
Көремін сенен өмірдің күрес екенін.
Тынымсыз мынау ұқсайды ұлы теңізге,
Таулары – толқын,
баулары торғын мекенім.
Жырлардан сонау болашақ жайлы ән тындап,
Тұрамын толқып, әкеліп жатса әр күн бақ.
Махамбет ақын семсерін еске салады,
Осқылап өткен жасынның оты жарқылдап.
Атырау-дана, тербетер сырды алуан,
Алуан сырдан жақсылық бойға дарыған.
Сөйлейді сонда Құрманғазы ата күйлері,
Суылдап ұшқан дауылпаз қанаттарынан.
Табиғат – ана! Танданбай, сірә, тұра алман,
Ғұмырымда осы шыға алмай жүрмін құмардан.
Мәңгілік мені ғашық қып қойған терендік –
Атырау – әлем, тамшыдан титтей құралған...
Қызыға қарап, толғана қалған шағыңа,
Толқында туған талайлы тарландарыңа.
Жанымның аппақ желкенін жайып жүземін,
Қолымды созам ақша бұлт армандарыма.
Көкірегінді шуақты сезім кернесе,
Достарым менің, теңізге тартқын, ендеше!
Ақынмын деген жандарға әсте сенбеймін
Теңіздей шалқып, Теңіздей тебіренбесе!.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу