Өлеңдер ✍️

  26.07.2022
  81


Автор: Медет Дүйсенов

БАЙҒАЗЫ

Есіме алам соғыстан соңғы ел кейпін,
Қуаныш бізге қонақ боп жиі келмейтін.
Үстіме үрдей жап-жаңа көйлек кигізіп,
Көршіден анам байғазы сұрап кел дейтін.
Кім-кімде бұған қылмайтын онда сарандық,
Көйлекке алар байғазы мені алаң ғып.
Бір уыс шөптей кекілім баста желбіреп,
Жүгіріп бара жататын едім жалаңбұт...
Жалаңбұт бала, адамдық қана – арманы,
Есейіп ерте, еңбегін елге арнады.
Байғазы алған базарлы шақтың шуақты,
Жылуын әкеп келешек күнге жалғады.
Сенің де білем, басыңнан өткен, бұл, құрбым,
Бейкүнә сонау балалығымды сыр қылдым.
Бөліскен бірге, сәл ғана шаттық сезімін,
Ұнайды маған осынау салты жұртымның.
Өскенбіз солай, үлде мен бүлде оранбай,
Өтті де кетті балалық шағым оралмай.
Барлыққа балап, шүкірлік етіп тұрамын,
Байғазы сұрап жүгірген бала көре алмай...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу