Өлеңдер ✍️

  26.07.2022
  193


Автор: Медет Дүйсенов

МАЙДАНГЕР

«Май таңында қауышқан күліп елмен,
Қайта мұнда табысқан ұлы жермен.
Арман бар ма сенде де - дейді біреу,-
Тозағынан төрт жылдың тірі келген?!»
Болса-дағы көңілі тоқ, мерейлі,
Сол майдангер «арманым жоқ» демейді.
Арман деген – адамның қанаты ғой,
Сусыз жерге шыбық та көктемейді!
«Мына күнді, асқар тау, бұлағымды,
Кіндік кесіп, кір жуған тұрағымды
Қорғадым-ау!...» дегенді ойлағанда,
Көкірегін кернейді жыр ағынды.
Адымдайды мектепке мығым басып,
Жеткенінше шат күлкі, дуылға асық.
Шүпірлеген балалар балапандай,
Қоршап алып тұрғаны шуылдасып.
Кей күндері түйіліп үн қатпайды,
Жүрегінде жатады тулап қайғы.
Еске түсіп оққа ұшқан есіл ерлер,
Тек темекі түтіні будақтайды.
Мәңгілік от жеңістің жалауындай,
Мүмкін емес толқымай қарауың жай.
Жанына кеп майдангер бас иеді,
Тұрады ұзақ құрметті қарауылдай.
Туған жерін жанындай пір тұтады,
Жанарында өмірдің нұрлы таңы.
Өзі оттан қорғаған орманының,
Балдақ болып сүйейді бір бұтағы..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу