Өлеңдер ✍️

  26.07.2022
  72


Автор: Медет Дүйсенов

ҚЫС. КӨНЕ ҚОРЫМ

Сіңіп санаға,
Желі далада,
Жеткізер сыңсып небір үн.
Тыныштық дейді өлі қалада,
Тұр соған сенбей көңілім...
Ақ ұлпа қалың,
Жауып ап тәнін,
Борасын билеп, бар алап.
Ақ кебін сүйреп аруақтарым,
Зиратты жүр ме аралап...
Үздіге салған,
Сәл жырақ маңнан,
Байғыздың үрей сезімі.
Құлпытастардың қалжырап қалған,
Топырақ болып төзімі.
Жұбатып жанды,
Уыстан қарды,
Шығармай тұрмын сығымдап.
Тым ерте кеткен туысқандарды,
Шақырғам келді, сыбырлап.
Сезімге сеніп,
Елтемін келіп,
Жоғалып бір сәт қайғым да.
Қиял кемесі желкенін керіп,
Жүзеді, аспан-айдында.
Ойымда жүр-ау...
Орындадым-ау,
Аятымды оқып ырғақты.
Ақпанда, қысқы қорымда мынау,
Марқұмдар маған тіл қатты.
Сіңіп санаға,
Желі далада,
Жеткізер сыңсып небір үн.
Тыныштық дейді өлі қалада,
Тұр соған сенбей көңілім!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу