Өлеңдер ✍️

  26.07.2022
  124


Автор: Медет Дүйсенов

ҰЯТ, ҚАЙДАСЫҢ?

Алтындай арман айналып кетеді күлге...
Жар салған даусым, «Ұят» деп, жетеді кімге,
Бетінде қытық қалмаған бетпақ қатындай,
Жалаңаш шындық жанымнан өтеді күнде.
Кете ме деймін мұндайда ерік естен де,
Бозбала мәз, мұндайды көріп өскенге.
Отыратынын қайтерсің өлердей қарап,
Жалаңаш жандар жабысып, өліп-өшкенге.
Жезөкше-жылым, жұтады... барма тәніне,
Айналған пәктік, өмірдің ардақ әніне!
Жадылап жүр-ау жүйкені зәрлі тілімен,
Жыландай – бейнетаспалар арбап әлі де.
Қағынған қыздар, белшеден батқан күнәға...
Берері бізге – жылаған тастанды бала.
Жұртым-ау, сонша не болды, жаңарың жұмып!?
Жарапазан емес бұл, жаттанды ғана.
Құтыла алмаған батыстың шығынып елі,
Бейәдеп фильм мазалар бұ күні мені.
Лыпасыз қалар түрі бар түсінгімнің,
«Арымнан жаным садаға!» - ұғымым еді.
Қамыңды ойлап,ұрпағым – қияқтай жасым,
Шарасыз халде шайқаймын, ұнатпай, басым.
Үлбіреп алда тұрушы ең жолымды кеспей,
Жоғалтып алдым мен сені, ұят қайдасың?!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу